Түркістан облысында 10 айда 66 спорт нысаны пайдалануға берілді.
Соның ішіндегі ең ірілеріне тоқталсақ. Келес ауданына қарасты Абай ауылында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында заманауи спорт нысаны салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров кешеннің ашылу салтанатына арнайы қатысып, келестіктердің қуанышымен бөлісті.
– Бүгін Келес ауданында қуанышты сәттің куәсі болып отырмыз. Аймақта заман талабына сай жаңа спорт кешені пайдалануға берілуде. Баршаңызды осы ғимараттың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында бұқаралық спортты дамыту мен халықтың денсаулығын нығайтуды басым бағыттардың бірі ретінде айқындап келеді. Президент тапсырмасына сәйкес облыс көлемінде спорт инфрақұрылымын жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде өңірімізде жаңа спорт нысандары бой көтеріп, жастардың спортпен тұрақты түрде айналысуына қолайлы жағдай жасалуда. Пайдалануға беріліп отырған бұл заманауи спорттық-сауықтыру кешені «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында салынды. Бұл нысан аудан тұрғындарының спортпен айналысуына және кәсіби спортшылардың шеберлігін арттыруға үлкен мүмкіндік береді деп сенемін. Біз спорт саласын дамытуға және жас ұрпақтың денсаулығын нығайтуға бағытталған жұмыстарды жалғастыра береміз. Өйткені ұлттың денсаулығы – елдің ең қымбат байлығы. Сондықтан баршаңызды салауатты өмір салтын ұстанып, жаңа кешеннің мүмкіндіктерін толық пайдалануға шақырамын! Жаңа нысан ел игілігіне қызмет етіп, осы жерден бүкіл елдің атын әлемге танытатын Олимпиада және әлем чемпиондары шыға берсін! – деді облыс басшысы Нұралхан Көшеров.
Заманауи спорт кешенінің жобалық құны — 1,8 млрд. теңгені. Мұнда 250 жанкүйерге арналған жарыс залы, волейбол, баскетбол, күрес, аралас жекпе-жек, бокс залдары қарастырылған. Жаттығу өткізіп қана қоймай, ірі жарыстар өткізуге болады.

Айта кетейік, биыл облыс көлемінде 102 спорт нысанын салу жоспарланып, оған қажетті қаржы бөлінді.
Бүгінде 66-сы нысанның құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Олардың қатарында ескек есу каналы, 5 спорт кешені, спорт залдар мен алаңдары және футбол манеждері бар.
Өңірде бұқаралық спортты дамыту бағытында халықаралық спорттық сайыстар легі де жалғасып келеді. Ел намысын қорғап жүрген спортшылар да жетерлік. Облыста спорт саласына қолдау көрсету жұмыстары жалғаса бермек.
Ал, Созақ ауданының орталығы – Шолаққорған ауылында заманауи талаптарға сай жабдықталған 200 орындық спорттық-сауықтыру кешені тіпті бөлек. Жаңа нысанның ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, аудан тұрғындарын қуанышты оқиғамен құттықтады.
– Бүгін Созақ төрінде қуанышты сәтте жолығып тұрмыз. Баршаңызды заман талабына сай жаңа спорт кешенінің ашылуымен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында бұқаралық спортты дамытуды, халықтың денсаулығын нығайтуды тапсырды. Президент тапсырмасына сәйкес облыста спорт инфрақұрылымын жетілдіру бағытында жұмыстар жүріп жатыр. Жаңа спорт нысандары ашылып, жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуда. Биыл 102 спорт нысанын салу жоспарланса, 40 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Олардың арасында ескек есу каналы, 5 спорт кешені, 9 спорт зал, 18 спорт алаңы, 5 футбол манежі бар. Біз спортқа қолдау көрсетуді жалғастыра береміз. Себебі ұлт денсаулығы – ең басты байлық. Осы заманауи кешенде жаттыққан балалар арасынан Олимпиада, әлем чемпиондары шыға берсін! – деді Нұралхан Көшеров.
Облыс әкімі спорт кешенін аралап көріп, жас спортшылармен кездесті. Доп сыйлап, спортта жеңісті жол тіледі.
Сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов пен ел ағалары сөз сөйлеп, спорт кешенінің ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді. Бокстан әлем чемпионы Біржан Жақып пен белгілі футболшы Таңат Нөсербаев бастаған спортшылар да нысанға жоғары баға берді.
Жоба «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асырылды. Жалпы аумағы 3 гектар болатын кешеннің оқу-жаттығу базасы заманауи стандарттарға толық сай келеді. Нысан бір мезетте 100 спортшыға дейін қабылдай алады. 200 орындық заманауи спорт кешенінде волейбол, күрес, аралас жекпе-жек, бокс залдары бар. Тағы бір ерекшелігі – жабық бассейн орналасқан. Нысанның ауласында да тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған шынығу алаңы, баскетбол және футбол алаңдары қарастырылған. Кешен тек кәсіби спортшылардың емес, бұқаралық спортпен айналысатын жастар мен тұрғындардың да салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді.
saraptimes.kz



