Қазір елімізде коронавирус індеті кең таралып, ел қиналып жатыр. Науқастар саны да көбейді. Түркістан облысында COVID-19 анықталғандар саны 2370-тен асты. Өкінішке қарай, жасанды тыныс алу аппараты мен дәрі-дәрмекке деген қажеттілік өткір күйінде тұр.
Бір қуанарлығы, соңғы аптада ауруханаға түсіп жатқандар азайды дейді сала мамандары. Бұған да шүкіршілік. Десек те, кейбір өңірлерде әлі күнге қауптің беті сейілген жоқ. Осыған орай елге көмектесу мақсатында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен «ӨМІР» және «ШИПА» атты 2 жобаны қолға алып отырмыз.
Жаңа жобаны «Jas Otan» жастар қанаты және облыстық «Жастар ресурстық орталығы» бірлесе құрған «Jas Turkistan» еріктілер қозғалысы үйлестіріп, жүргізбек. Бүгін Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының ғимаратында осы жобалардың ресми таныстырылымы өтіп, іске қосылғанын хабарладық.
Апта алдын Түркиядағы елшілік қызметкерлеріне байланысқа шығып, өз атымнан екі оттегі концентраты аппаратын алуға ұсыныс берген едім. Бүгін сол құрылғылар келіп, ауруханаларға тапсырдым. Науқастардың еміне шипа болсын! Ауырмаңыздар! Ал әрбір өтінішке мұқият қарап, оттегі аппаратын жеткізуге көмектескен Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен елшісі Абзал Сапарбекұлы ағамызға шынайы алғысымды айтамын.
Пандемиямен күресте, мұқтаж отбасыларға көмектесу үшін «Shipa» жобасы арқылы орта деңгейдегі дәрі-дәрмектер қорапшасын дайындап, оны ауыл-аудандардағы әлеуметтік жағдайы төмен және де аз қамтылған көпбалалы отбасыларға таратуды көздеп отырмыз. Бүгін 20 данасын тараттық. Тізім қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы арқылы алынды. Әзірге 300 дәрі-дәрмек қорапшасын елге тарату жоспарымызда бар. Әрбір дәрі қорапшасының құны 13-15 мың теңге көлемінде болады. Қорапша ішіндегі дәрілерді Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасы бекітіп берген. Дегенмен науқас міндетті түрде дәрігерге қаралып, бекітуімен ғана дәрілерді қабылдауы керек.
Аталған жобалар тиімділігін көрсетеді деп сенемін. Өңір жанашырларын, барша азаматтарды атсалысуға шақырамын.
Осы жобаларды жүзеге асыру үшін ел жанашырлары, облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясының фракция өкілдері мен өзге де азаматтар қолдау көрсеткенін атап айту керек. Қазіргі кезде 10 миллион теңгеден астам қаржы жиналып, қажетті тұстарға бағытталды. Бұл қаржының бір бөлігіне Түркия және Қытай елдеріне 50 жасанды тыныс алу аппаратына тапсырыс беріліп, олар алдағы аптада өңірге жеткізілмек. Қалған қаржыға дәрі-дәрмек қорабы дайындалып, аудандарға таратылады.
Жалпы біз қолға алып отырған жобаға қазір облыстық мәслихат депутаттары – Нұралы Әбіш (5 млн. теңге), Алмас Салимов (1 млн. теңге), Жаңабай Ағабеков (1 млн. теңге), Мағауия Тұрысбеков (875 мың теңге), Қайнар Аббасов (767 мың теңге), Баймахан Сүлейменов (200 мың теңге) аударды. Сонымен бірге Жазира Ыдырысова (1 млн. 50 мың теңге) мен Инара Намазбаева (400 мың теңге) сынды ел жанашырлары да қаржылай қолдау көрсетіп отыр. Алла разы болсын!
Қиындықты халықпен бірге еңсереміз. Алдағы жақсы күннен үміт үзбеңіздер!