Қаржылық пирамидалардың құрығынан сақ болыңыз!
Еліміздегі алғаш 1990 жылдары әр жерде бір бой көрсетіп, азаматтарды сазға отырғызып келген қаржылық пирамида құрбандарының қатары бүгінде күн санап артып келеді. Қаржылық алаяқтықтың құрығына ілінген қарапайым халыққа келтіріліп жатқан материалдық залал жыл сайын бірнеше миллиардтарға жетіп жығылуда.
Статистикаға сүйенер болсақ, 1994 жылы қаржылық пирамидалардан алданғандарға 630 млн теңге залал келтірілсе, бұл көрсеткіш 2020 жылы 8 млрд теңгеге дейін жеткен. 2017 жылдан 2019 жылдың қыркүйегіне дейін Қылмыстық кодекстің 217 бабы «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету туралы» бойынша 200-ге тарта іс қозғалған. Осы 2 жылда жапа шеккендер қаражаттарының бар болғаны 5 пайызын ғана қайтара алған.
Өкініштісі – қаржылық пирамидада ақшасын жоғалтқан салымшылардың барлығы құқық қорғау органдарына жүгінбейді. Сондай-ақ, полиция қаржылық пирамида құру туралы емес, көбіне Алаяқтық бабы бойынша іс қозғайды. Себебі, бірнеше мың қатысушыдан бірнеше жапа шегуші ғана полицияға барады. Ал, алаяқтық та, қаржылық пирамида да адамды алдауға құрылатындықтан, ұқсас келеді. Бірақ, қаржылық пирамиданың басты ерекшелігі – жапа шегуші санының көптігі.
Алаяқтардың жұмысын кеңінен жүргізіп, құрығына ілінетін адамдардың санын көбейтуіне ғаламторы дамыған қазіргі уақыт, әсіресе, жаһандық карантинге байланысты көптеген салалардың жұмыс жүргізу тәсілін онлайн форматқа өткізуі үлкен септігін тигізіп отыр. Қаржылық пирамиданы жүргізушілер телефонға телмірген аңғал елді түрлі тәсілдермен алдап, үйде отырып-ақ үлкен табысқа кенелуге болатынын айтып сендіреді. Табысынан айырылған немесе табысын тиімді жұмсай алмайтын азаматтар оңай олжаға кенелуді жөн санап өзінің маңдай терімен тапқанын, жетпесе қарыз немесе пайыздық үстеме ақша, тым болмағанда несие алып алаяқтардың қолына тапсырады. Онысымен қоймай өзінің артынан ертегіге сенгіш өзі секілді бірнеше адамды алып келеді. Міне, осындай жолмен салымшылар қатарын қалыңдатқан қарапайым жұрт алаяқтардың ауызын ақшаға толтырып келеді. Айтылған мерзімде уәде етілген жұмақ мекен де, қап-қап қаражат та көзден бұл-бұл ұшқан соң алданғанын білген салымшы құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып, табанынан таусылады. Жапа шегушілер тарапынан жазылған арыздардың ешбірі қараусыз қалдырылмайды, аталған қаржылық пирамидалар ІІМ-нің жүйесіндегі ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарды ашуға ең тәжірибелі деген білікті мамандардың тергеп-тексеруімен әшкереленеді. Әйтсе де, құзырлы органдар пирамидаларды жүргізушілердің қылмысын дәлелдегенімен қанша адам ақшасынан айырылып, зардап шегіп үлгереді. Міне, осылайша қарапайым ғаламтор да қылмыскерлердің арам пиғылын жүзеге асыруға өз септігін тигізіп отыр.
Енді, әрбір азаматтың ойында «Алаяқтарды қалай білеміз? Қаржы пирамидасының құрбанына айналмау үшін не істеу керек?» деген сұрақ мазалайтыны рас.
Ол үшін, біріншіден, компанияның абырой-беделімен жіті танысып, ол ұсынатын ақпараттың дұрыстығын тексеру керек. Табысты жобалар туралы дабыра, ашық жарнамалар, салымшылар ақшасын инвестициялау сызбасына қатысты ұғынықты түсіндірмелердің болмауы, сонымен қатар, аса құпиялылық – сіз осындай қаржылық пирамидаға тартудың белгілерін байқасаңыз бірден бас тартқан жөн.
Екіншіден, инвестицияның кепілдендірілген кірістілігі туралы уәделерге сенудің қажеті жоқ. Алаяқтар адам психологиясын жақсы біледі. Олар жылдық 20, 50 және 100 пайыз кіріс болатындығына оп-оңай уәде береді. Бірақ, осындай кірістілік болғанда бүкіл инвестицияланатын қаржыларды жоғалту қаупі жоғары болатындығын ескертпейді. Егер СІЗГЕ ұсынатын кірістілік қазіргі уақытта банк салымдары бойынша қолданыстағы пайыздардың кірістілігінен асып кетсе, онда мұндай ұйым күмәнді көрінеді. Тұрақты кірістілігі бар заңды құралдардың (банк салымдары мен облигациялар) аз екендігін қаперде ұстаңыз.
Үшіншіден, жаңа салымшыларды тарту үшін жомарт сыйақылар беру сияқты сіздің алдыңызда қаржы пирамидасы тұрғандығының нақты белгісі бар болса, бұдан бірден бас тартып, құзырлы органдарға хабарласқаныңыз немесе заңгерлік кеңестерге жүгінгеніңіз жөн.
Қаржылық пирамидаларға қарсы құзырлы органдар тарапынан қыруар жұмыстар жүргізіліп жатса да алаяқтардың арбауына түсіп, «ауызы күйгендердің» саны азаяр емес. Қаржы пирамидасының салқынына бетпе-бет келген біраз отандастарымыз, ағайын-туыс, жора-жолдастарымыз бармақ тістеп, сан соғып қалса, енді біреулері өз-өзіне қол жұмсау әрекеттеріне де барып жатыр.
Сондықтан, мұндай оңай олжа мен «батпан құйрық» компаниялардан бойларыңызды аулақ ұстап, өзіңізбен қоса өзгелердің де қалтасын қағып «қарғысын» арқаламай, адал мен арамның аражігін ажырата біліңіз. Өзгенің алтынына қызығамын деп қолыңыздағы күмісіңізден айырылып қалмаңыз!