Қала әкімі жаңа кәсіпорындарды аралады деп хабарлайды saraptimes.kz Шымкент қаласы «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан «Аlem luxury» ЖШС-нің құрылысы жуырда аяқталды. Жиһаз өндіруге бағытталған фабрика жылына 5 мың өнім өндіруге әлеуеті бар. Жобаны жүзеге асыруға 500 млн теңге тартылған. Қала әкімі Мұрат Әйтенов индустиалды аймақты аралау барысында кәсіпорынның жұмысымен танысты. Келесі нысан – «DentaFill Kazakhstan» ЖШС. Дәрілік және гигиеналық заттарды өндіретін компания жылына 10 млн дана өнім шығаруға әлеуеті бар. Бүгінде нысанның құрылысы аяқталып, қажетті құралдармен жабдықталуда. Одан кейін Мұрат Әйтенов «Smart eng» жиһаз фабрикасында болды. Жылдық әлеуеті 120 мың жиһаз өндіретін кәсіпорын жақын арада ресми түрде өз жұмысын бастағалы тұр. Нәтижесінже 100 адам жұмыспен қамтылмақ. Аумағы 2 га жерге орналасқан фабриканың құрылысы 2021 жылы басталып, оған 750 млн. теңге инвестиция тартылған. –Кәсіпорын ашуға ықылас білдірген кәсіпкерлердің барлығына өз тарапымыздан түрлі бағытта қолдау көрсетуге дайынбыз. Қаламызда зауыт, фабрикалардың көптеп салынуы қала экономикасына оң әсерін тигізумен бірге, азаматтарымыз тұрақты жұмыспен қамтылады. Ендігі кезекте жұмысшылардың еңбек шарттарында көрсетілген барлық қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілуі керек, -дедіШымкент қаласының қала әкімі Мұрат Әйтенов. Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкент қаласында 2 индустриалды аймақ жұмыс істеуде. Атап айтқанда: 1.«Оңтүстік» индустриалды аймақ Шымкент қаласындағы индустриалды аймақтың аумағы 337 га құрайды. «Оңтүстік» индустриалды аймақта 61,6 млрд. теңгеге, 5 мың жұмыс орнын құрайтын 88 жобаны іске қосу жоспарланған. Бүгінгі күнге 28,3 млрд.теңгені құрайтын 49 жоба іске қосылып, 3 413 жұмыс орны ашылды. 2.«Тассай» индустриалды аймағы «Тассай» индустриалды аймақтың аумағы 89 га құрайды. Индустриалды аймақта 38 546,9 млн. теңгені, 1 711 жұмыс орнын құрайтын 28 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бүгінгі күнге, 189 жұмыс орнымен қамтылған, 1 876 млн. теңгені құрайтын 5 жоба іске қосылған.